Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің тарихи маңызы»


7 шілдеде Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы, «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» қоғамдық қоры, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты және Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына арналған «Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің тарихи маңызы» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Жиынға белгілі тарихшылар, ғалымдар, Алматы қалалық әкімшіліктің, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, мұрағат қызметкерлері қатысты.

Модератор болған институт директоры Х.М. Әбжанов кіріспе сөзінде және жасаған бас баяндамасында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің шығу себебі, тарихи маңызы мен осы көтеріліске байланысты туындаған көзқарас барысын саралап берді. Бас қосуда Алматы қалалық тілдерді дамыту басқармасының басшысы қатысқан Ахетов Мамай 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің патша үкіметінің езгісіне қатысты баяндаған, осы мәселенің әлі күнге дейін зерттелу нысаны болып келе жатқандығына тоқталып өтті.

Орталық мемлекеттік архив директоры Л.С. Ақтаева мұрағат қорында сақталған көтеріліс барысына байланысты қорлар мәселесін баяндады.

1916-1917 жылдарда тыл жұмысына алынған қазақтардың ол жақтағы жалпы жағдайы, ұлт зиялыларының осы жұмысшылардың жұмысын жеңілдетудегі үкімет органдарына талап-ұсыныстарын қоюдағы қызметін т.ғ.д., институт директорының орынбасары С.О. Смағұлова жан-жақты талдаса, ҚР Орталық мемлекеттік архивтің бас директордың орынбасары М.Ғ. Жылысбаева мұрағат қорларындағы 1916 ж. көтеріліске қатысты құжаттардың зерттеуге тартылу барысын нақтылап өтті.

Көтеріліс барысы, орыс шенеуніктерінің озбырлығы көтерілген IV Мемлекеттік Дума жұмысын ғалым Б. Қойшыбай, ұлт-азаттық көтерілістің бүкіл қазақ жеріндегі көтерілісіне шығуының маңыздылығына Б. Нәсенов тоқталды.

1916 ж. қазақ-қырғыз босқыншылық жөнінде т.ғ.к. С. Рүстемов, көтеріліс басшыларының бірі Ақкөз батырдың тұлғасын т.ғ.к. З.М. Төленова, Жетісудағы ұлт-азаттық көтерілістің өрбуін т.ғ.к. Ш.Б. Тілеубаев, 1916 жылғы көтеріліс тарихының кейбір зерттеуді қажет ететін мәселелер турасында т.ғ.к. Е. Ермұханов, көтеріліс басшыларының бірі Диқамбай Жанпейісұлы жөнінде Р.Е. Оразов терең тоқталып өтті.

М.Р. Сәтенова Жетісудағы көтеріліске қатысты деректердің мәнісін айқындаса, «Ғылым Ордасы» РМК Ғылыми кітапхананың қызметкері С.И. Игілікова көтеріліске қатысты кітапханада сақталған қолжазбалармен таныстырды.

Конференция барысында әнші Е. Нұрханов 1916 жылы шыққан халық әні «Самалтау», әнші Ж. Құжиманов «Алаш маршы», Үкілі Ыбырайдың «Елді сағынғанда» әндерін орындады.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс отаршылдық езгіге қарсы бағытталған ХХ ғасыр басындағы бүкіл Қазақстан аумағын қамтыған және ұлттық мемлекетті сақтау жолында қолына қару алып патша жарлығына қарсы шыққан және осы жолда күрескен тұлғалардың тарихы сараланып, ұстанған көзқарасы қазіргі ғылым тұрғысынан кеңінен талданды.

1916 жылғы көтерілістің барысын зерттеуде бірнеше буын ауысты. Көтерілістің тарихнамалық және деректанушылық  дәстүрлері қалыптасты. Алайда ғылым дамуының міндеттері 1916 жылғы көтерілістің әлі де мұрағат қорларында айналымға енбеген деректерін көпшілік назарына ұсыну жолында зерттеулерді жалғастыру қажеттілігін қойып отыр.

Қазіргі егемендік жағдайында 1916 жылғы көтерілістің зардаптарын мұрағат құжаттары мен халық ауыз әдебиеті  деректері арқылы терең зерттеу және оған мемлекеттік деңгейде баға беру жолындағы ізденістер бүгінгі күнге дейін өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Конференцияға қатысушылар төмендегі резолюция баптарын қабылдау туралы ортақ шешімге келді:

–         1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің отандық тарих ғылымындағы өзіндік орнын  айқындау.

–         1916 жылғы көтерілістің Қазақстан мен Орталық Азия тарихындағы ролі мен алатын орнын егемендік тұрғыдан одан әрі мазмұндау.

–         1916 жылғы көтерілістің айналымға тартылмаған деректік негізін құрайтын құжаттар мен материалдарды іздеу мен анықтауды жалғастыру.

–         Көтеріліске қатысты ауыз әдебиет деректері мен мұрағат деректері негізінде монографиялық зерттеулер сериясын жүзеге асыру мен жарыққа шығаруға кірісу.

Конференцияға қатысушылар конференцияны ұйымдастырғандары үшін ҚР Ғылым және білім министрлігіне, сонымен қатар Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты мен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі қоғамдық қорына алғыстарын білдірді және болашақта да белсенді әрі нәтижелі ынтымақтастықта болуға пейіл танытады.