Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«ӨТКЕНГЕ ТАҒЗЫМ – КЕЛЕР ҰРПАҚҚА АМАНАТ»


2016 жылдың 25 мамырда саяси қуғын-сүргіндерді еске алу күні қарсаңында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «Әділет» тарихи-ағарту қоғамымен бірлесе отырып және Алматы қаласы әкімдігінің қатысуымен «Өткенге тағзым – келер ұрпаққа аманат» тақырыбына ғылыми-тәжірибелік дөңгелек үстел өткізді. Конференция жұмысына Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы М.Қ. Ахетов, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының басшылары мен мүшелері, ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты мен ҚР Президенті мұрағатының қызметкерлері, ашаршылық пен саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпағы, туыстары, қоғамдық ғылымдар Институттарының ғалымдары мен докторанттары, магистранттары және БАҚ өкілдері қатысты.

Қазақ даласын шарпыған талай нәубеттің ішінде 1921-1922 және 1931-1933 жылдардағы ашаршылықтың қасіреті шексіз. Зерттеушілер бұл нәубеттің демографиялық, экономикалық зардаптарынан айығуына ширек ғасырдан астам уақыт қажет болғанын дәйектеуде.

1931-1933 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық «гуманитарлық апат» деген жалпыла анықтама аясына сыймайды. Ол – адамзатқа қарсы жасалған ауыр қылмыс, ғаламдық қасірет. Ашаршылықтың әлденеше жылға созылуына, қисапсыз қайғы-қасірет әкелуіне себеп болған басты фактор – қоғамның объективті-ырғақты даму диалектикасы мен қисынын бұзған номенклатура өктемдігі.

Осы өктемдіктің қазақ даласына әкелген тағы да бір үлкен қасіреті – ХХ ғасырдың 30-50-ші жылдары орын алған саяси қуғын-сүргін екені даусыз.

Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін – тоталитарлық қылмыстың ең сорақы түрлері екендігін әшкерелеген, тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанда алғашқы болып қабылданған арнайы заңнамалық құжаттардың бірі – 1993 жылғы 14 сәуірде бекітілген «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы. Осы Заңның аясында 1997 жылы ҚР Президентінің Жарлыңы бойынша 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланып, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған үлкен ескерткіш орнатылып, жыл сайын оларды еске алып, құран бағыштап, рухтарына тағзым етіліп келеді. Өйткені сұрапыл, зұлмат жылдары НКВД-ның қанды қолынан құрбан болған жазықсыз адамдар Алматы қаласынан 40 шақырымдай жердегі «Жаңалық» елді мекенінің іргесіне апарылып көміліпті. Саяси қуғын-сүргін ХХ ғасырдың басындағы қазақ төңкерісінен бастап, 1986 жылдың желтоқсан оқиғасына дейін жалғасты. Ең өкініштісі тоталитарлық саяси жүйе ұлтымыздың озық ойлы азаматтарын аяусыз атты. Алғашқылардың қатарында алаш қайраткерлері, алыптары Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, О. Жандосов, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, М. Тынышбаев, М. Жұмабаев, С. Асфендиаров секілді айтулы ұлт перзенттері атылды.

Елімізде саяси құғын-сүргін құрбандарын еске алуға бағытталған қыруар іс жүзеге асырылып келеді. Ұлт тарихының қаралы жылдарында халқы үшін құрбан болған боздақтар, алаш алыптары туралы тың деректермен жазылған ғылыми мақалалар мен естеліктер мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып, өңірлерде аштық құрбандарына арналған ескерткіштер ашылып, олардығ ұрпақтарымен кездесулер ұйымдастырылып, деректі фильмдер шығарылуда. Бүгінгі ғылыми шарада осындай келелі істің жалғасы ретінде өткенімізге тағзым ете отырып, келер ұрпаққа аманат қалдыру парызының өтеуіндей болған ғибратты сабақтай болды.

Дөңгелек үстел мынандай мәселелерді талқылауға ұсынды:

  • Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы жаңа зерттеу бағыттары: отандық тәжірибе, бүгінгі ерекшеліктері мен мүмкіндіктері;
  • Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін тарихын зерттеу бағытының халықаралық тәжірибелері;
  • Зерттеудің теориялық- әдістемелік мәселелері.

Жиын барысында сөз алған Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы М.Қ. Ахетов, танымал тарихшылар, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының басқарма басшысы және мүшелері, Институт директоры, т.ғ.д., Х.М. Әбжанов, Институт бас ғылыми қызметкер, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының басқарма мүшелері, т.ғ.к. Қ.С. Алдажұманов «Қазақстандағы ашаршылық пен саяси репрессия тарихынан», т.ғ.к. Б.О. Қойшыбай «Қуғын-сүргін қасіреті», «Арыс» қорының президенті Ғ.Қ. Әнес «Қуғындалған ұлт зиялылары», ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты Бас директорының орынбасары М.Ғ. Жылысбаева «Мұрағат қорында қуғын-сүргінге арналған құжаттар» және ҚР Президенті мұрағатының Бас сарапшысы А.Ә. Сейсенбаева «Ашаршылық: есімнама – деректік негіздер»  тақырыбында ғылыми баяндамалар мен хабарламалар жасап, ауқымды деректердің және тарихи құжаттардың, ашаршылық пен қанды репрессия куәгерлері мен саяси қуғын-сүргін ұрпақтарының естеліктері негізінде зобалаң жылдардың тарихын, оның негізгі кезеңдерін, зардаптарын жан-жақты әрі толық түрде баяндап берді.

Ғылыми баяндамалардың соңында орын алған пікір алмасуға саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қайраткерлердің ұрпақтары С. Жансүгіров, О. Құлымбетова, Р. Шанина, А. Ахметова, Н.А. Әзербаев, С. Қожықова және т.б. өз естеліктерін айтып, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының жұмысы туралы ойлары мен пікірлерін ортаға салды.

Конференция жұмысының қорытындысында келесідей қарар қабылдау туралы шешім шығарылды:

  • Өткен ғасырдың 30-жылдары Қазақстандағы ашаршылық пен қуғын-сүргіннің тарихын кешенді түрде зерттеуді және қызыл қырғынға ұшыраған құрбандар ұрпақтарының естеліктерін жинау жұмыстарын жалғастыру, оларды жеке жинақ ретінде жарыққа шығару мүмкіндігін қарастыру;
  • Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жанынан Ұлттық жады Орталығын немесе жеке Ұлттық жады Институтын (оның аналогтары өзге посткеңестік елдерде жұмыс жасауда) ашу мүмкіндігін қарастыру. Бұл институт зобалаң жылдардың замандастары мен куәгерлері, қанды репрессия құрбандары ұрпақтарының естеліктерін жинаумен, сақтаумен, өңдеумен, ғылыми айналымға тартумен, қазақ халқының ХХ ғасырда орын алған қаралы даталарды зерттеумен айналысуы тиіс;
  • Алматы қаласында «Саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейін» ашу мүмкіндігін қарастыру, онда ұрпақтардың архивтерден алынған құжаттар мен фотолар, жеке мұрағаттарда сақтаулы тұрған материалдары көпшіліктің назарына ұсынылуы тиіс;
  • Осы күнге дейін ақталмай келе жатқан саяси қуғын-сүргін құрбандарының белгісіз есімдерді анықтау бағытында жұмысты жалғастыру, ақталмаған тұлғалар бойынша жеке қазақстандық база жасап шығару мүмкіндігін қарастыру.

Ғылыми басқосуға жиналған көпшіліктің пікірінше, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен боздақтардың қатарына тек 30-жылдардың аяғында қызыл қырғанға ұшыраған ұлт зиялыларымен қоса, 1931-1933 жылдары қазақ даласын жайлаған сұрапыл ашаршылықтан, қызыл террордан, большевизм мен коммунизмнің саясатынан көз жұмған құрбандарды да жатқызу қажеттігі айтылды. Бұл күн әр қазақстандық азамат үшін тек еске алу күні ғана емес, сонымен қатар жарқын және тәуелсіз болашақ жолында өмірлері үзілген барша аяулы жандарға тағзым ету күні болуы шарт.

Дөңгелек үстел барысында ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарының өмірі мен қызметіне арналған слайдтар көрсетіліп, кітап-сурет көрмесі ұйымдастырылды.

Төленова З.М.

Сыртқы байланыс, ақпарат және ғылыми кластер бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.к.