Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Дөңгелек үстел


2015 ж. 10 сәуірінде «Ғылым ордасы» ғимаратында Ғылым қызметкерлерінің күніне арналған «Ғылыми қазына» салааралық ғылыми бағдарламаны іске асыру қорытындылары және «Халық тарих толқынында» тарихи зерттеулер бағдарламасын іске асыру перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел жұмысына гуманитарлық ғылымдар бойынша ғылыми-зерттеу институттарының директорлары, ҒЗИ-дың ғылыми қызметкерлері, докторанттар мен магистранттар қатысты.

Дөңгелек үстел жұмысында модератор міндетін атқарған ҚР БҒМ ҒК төрағасының орынбасары А.Қ. Төлешов «Ғылыми қазына» және «Халық тарихы толқынында» бағдарламалары бойынша жүргізілген жұмыстардың маңыздылығы мен қорытындыларын талқылау және алдағы атқарылар істерді анықтау қажеттілігі туралы кіріспе сөзбен аша келе, жиналған ғалымдарды «Ғылым күні» мерекесімен құттықтады.

Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, фил.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі Ә.Б. Дербісәлі «Ғылыми қазына»  және «Халық тарих толқынында» бағдарламалары аясында атқарылған жұмыстарды айта келе, негізгі нәтижелер мен қорытындыларды баяндады.

Қазақ әдебиеті мен өнерінің өзекті мәселелеріне тоқтаған М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, фил.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі У. Қалижан мемлекеттік бағдарламалар аясында жарыққа шығарған 34 томдық «Классикалық зерттеулерді», «Ұлы дала тұлғалары» сериясы бойынша «Абай», «Жамбыл», «Құрманғазы», «Әбілхан Қастеев», «Күләш» кітаптарының маңызына тоқтады.

Республикалық тарихи материалдарды зерделеу жөніндегі ақпараттық орталықтың меңгерушісі, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі М.Қ. Әбусейітова археографиялық шетелдік экспедициялардың нәтижелері бойынша тарихи материалдарды жүйеге келтіру мен каталогтау мәселесіне қатысты және оларды ғылыми айналымға енгізу барысы туралы негізгі тұжырымдары мен ұсыныстарын айтып өтті.

Тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Х.М. Әбжанов институтта атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды. «Ғылыми қазына» бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқан «Отан тарихы» көптомдығының жазылу барысы мен кездескен қиыншылықтар және алдағы міндеттерді ортаға салды. «Халық тарих толқынында» бағдарламасы аясында шығарылған іргелі зерттеулерді атап өтті. Сондай-ақ ғылыми бағдарламаларды қаржыландыру барысындағы қиыншылықтарды көрсете отырып, олардың дұрыс шешілуіне көңіл бөлу қажеттелігін ұсынды.

Философия, саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары, ф.ғ.д. С. Нұрмұратов «Қазақстан – 2050» стратегиясы аясында Қазақстан Республикасындағы идеологиялық құрылымдаудың эволюциялық кезеңдері және даму жолдарын нақты көрсете келе, 2012-2014 жж. аралығында шыққан институт ғалымдарының жеке авторлық және ұжымдық еңбектерін көпшілік назарына ұсынды.

Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Б.Ә. Байтанаев бүгінгі  қазақстандық археология ғылымының даму барысы мен далалық қазба жұмыстарынан табылған құнды жәдігерлерді мемлекет қарауына өткізу және ғылыми айналымға енгізу мәселелеріне тоқталды.

А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, фил.ғ.д., профессор М.М. Малбақов тіл білімі саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар мен олардың келешегі туралы айта келіп, алдағы жылдарда кешенді түрде жүргізілетін жаңа бағдарламаның маңыздылығын атап көрсетті.

Экономика институтының директорының орынбасары, э.ғ.д., профессор Н.Қ. Нұрланова отандық экономика ғылымының бүгіні мен болашағын айта келе, «Ғылыми қазына» мемлекеттік бағдарламасы аясында шығарылған іргелі экономикалық зерттеулердің құндылығын баяндады.

Дөңгелек үстел жұмысы ҚР БҒМ ҒК төрағасының орынбасары А.Қ. Төлешовтің қорытынды сөзімен жабылды.