Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНА АРНАЛҒАН «АЛАШТЫҢ АҚ ЖОЛЫ» АТТЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ


2014 жылы 17 қазанда Алматы қаласы «Ғылым ордасында» ҚР БҒМ ҒК Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының Алматы қалалық филиалымен бірігіп Алаш қозғалысына арналған «АЛАШТЫҢ АҚ ЖОЛЫ» атты дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстелге аталмыш институттың ғалымдары мен «Ақ жол» ҚДП Алматы облыстық филиалының мүшелері, сонымен қатар атақты тарихшы Е. Бекмахановтың кіндік баласы С.Е. Бекмаханов, т.б. қатысты.

Дөңгелек үстелдің басты мақсаты – Қазақстан қоғамын жаңғыртуда «Алаш» қозғалысының шығармашылық мұрасын және принциптік көзқарастарын тарату. Алаш қозғалысының тәуелсіздік мұраттары үшін күрестегі рөлі мен маңызын, оның көшбасшыларының саяси-құқықтық, демократиялық, ұлттық құндылықтарға қатысты көзқарастарын, тұжырымдарын жаңа заманның талаптарына сай зерделеп, зерттеу.

Кіріспе сөз алған Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Х.М. Әбжанов дөңгелек үстелге қатысушыларды бір-бірімен таныстырды әрі институттың ғалымдары жазып, баспадан 2014 жылы шығарған 10 кітаптың әрқайсысының 2 данасын қонақтарға сыйға тартты. Сөзін әрі қарай жалғастырған Х. Әбжанов: «2017 жылы Алаш қозғалысының 100 жылдығы тойланбақ. Бірақ бұл – ресми тарихы, ал оның бастауы әріде жатыр. ХVIII ғасырдың аяғындағы ұлт-азаттық қозғалыстан бастау алып, XX ғасырдың басында өзінің шарықтау шегіне жетті. 70 жыл бойы Алаш қозғалысы бұрмаланып жазылып келді. Алаш – мәңгі тарих, үлгі-өнегесі мол тарих. Ол озық қазақ ұл-қыздарының қозғалысы. Бірақ Алаш қозғалысын зерттегенде асыра сілтеу болмауы керек», –деді. Институттың бас ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Қ. Алдажұмановтың «Алаш арыстары – сталиндік қуғын-сүргін құрбаны» атты баяндамасында: «1980-1990 жылдары ғана Алаш қозғалысы мәселелерін объективті зерттеуге мүмкіндік туды. 1918 жылы ақпанда М.С. Урицкий атып өлтіріліп, В.И. Лениннің кеңесімен ақ террорға қарсы қызыл террор басталып, барлық саяси партияларға тиым салынды. Оның ішінде Алаш та бар еді. Кейінгі 1937-1938 жылғы Үлкен террордың салдары 1947-1950 жылдарға дейін жалғасты» дей отырып, 1991-1992 жылдары Қазақстан Парламентінің  жаппай қуғын-сүргін мен ұйымдастырылған апат – ашаршылыққа байланысты құжаттарды сараптау туралы Комиссия құрғанын, онда 12 және 4 томдық тергеу істерінің қаралғанын және Алаш ардақтыларының бізге беймәлім тұстарының бар екенін айтып өтті. Дөңгелек үстел қонақтарының бірі М.Қ. Томпиев Үлкен Түркістан идеясына тоқталса, ал Ә. Бегедаев өзі жасаған диаграммамен таныстырды. Ол ЭКСПО-2014-ке сувенир-диаграмма ұсынғанын, келешек көрмеге қатысатын 5 млн-дай туристің Қазақстан тарихымен самолет трапынан түспей жатып-ақ танысуға мүмкіндігі барын, яғни өзінің инновациялық идеясымен таныстырды. «Мектепке арналған стенді» атты жобасы мектеп оқушыларына 24 сағат бойы  Қазақстан тарихы туралы ақпарат береді деген пікірі де тыңдаушыларға жақсы ықпал етті. Алаш ардақтылары, әсіресе А. Байтұрсынов туралы толғана сөз сөйлеген А. Байтұрсынов мұражай үйінің директоры, ф.ғ.к. Р. Имахамбетова А. Байтұрсынов мұражайының хал-ақуалына тоқталды. Қазіргі қоғамдық қорлардың да, Қазақстан үкіметінің де мұражайға көңіл аудармайтынын, қажетті қаржы бөлмейтінін ашына жеткізді. Репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қорының президенті Ғ. Әнес Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай Алаш идеясы туралы объективті шындықты халыққа жеткізу мәселесін қарастыруды ұсынды. Тарихи таным, халықты шындықты қабылдауға дайындау, демек, «Алаш-17» деген қоғам құрып, қалаларда, облыстар мен аудандарда, шалғай ауылдарда «Алаш күндерін» өткізу керек. Яғни тәуелсіздікке қызмет істейтін тарих мерекесін ұйымдастыру қажеттігін атап өтті. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, т.ғ.д. С.Ә. Смағұлова өз сөзінде: «Алаш мәселесі зерттелмей жатыр деуге болмайды. Зерттеулер жүргізіліп, біршама еңбектер жазылды, дегенмен, есімдері әлі де белгісіз немесе жоқтаушысы жоқ Алаш мүшелері көп. «Қазақ», «Айқап» газеттерінің өзінен Алаштың белгісіз мүшелерін табуға болады, яғни жаңа есімдерді табу, оларды зерттеу күн тәртібінде тұр», – деді. М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д. Г.Ж. Орда: «Қазіргі 25-30 жас аралығындағы жастар Алашқа құштар, себебі Алаш қайраткерлерінің ұстанымдары, олардың білімі мен күш-жігері оларға үлгі. Алаш дегеніңіз қазақ, екеуі егіз ұғым. Алаш зиялылары проза, поэзия, кәсіби маман ретінде де арттарында өшпестей із қалдырған тұлғалар. Олардың еңбектерін 1 жылда асығыс-үсігіс жазу немесе бұл мәселені тендер арқылы шешу ешбір нәтижеге әкелмейді. Сондықтан жүздеген жылдарда да құнын жоймайтын еңбектер жазу керек, сондай ұсыныстарымызды мемлекетке жеткізу керек», – деп ойын түйіндеді. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері, т.ғ.д. Г.С. Жүгенбаева «Алаш рухы және бүгінгі құндылықтар» тақырыбында сөз сөйледі: Кешегі кеңестік тарихнаманың империялық және тікелей идеологиялық сипатын осы Алаш мәселесіне деген салқындықтан аңғаруға болады. Алаш тақырыбы антипатиялық, біржақты сынға ұшыраған тақырыпқа айналды. Соның нәтижесінде аталмыш мәселе төңірегінде үрей, қорқыныш және сақтық қалыптастырылды. Алаш мәселесін зерттеуде, тануда әлі де эмоциялық көңіл-күй басым. Зерттеушілер көбінесе фактілік материалдарды жалаң талдауға бейім. Қорытынды жасау, тұжырымдау әлсіз. Оның методологиялық негізін анықтауда әлі де ізденістер керек-ақ. Шын мәнісінде, Алаш – ХХ ғасыр басындағы ұлттың өзін-өзі ұлт ретінде тануға негізделген ірі қозғалыс болатын. Оның басында қозғалысты Алаш атауы ретінде танытқан аз санды қазақ зиялылары тұрды. Олардың қайраткерлігі, тұлғалылығы қоғамдық-саяси іс-әрекеттеріндегі зиялылықтан көрінді. Зиялылық ұғымы мұнда ұлт, ел, халық мүддесіне адалдық, сол жолда өздерінің алған білімі мен кәсібін, ғұмырын арнауға бағытталған өлшем еді. Осыны ұғыну қажет. Қазіргі әлеумет ісінде жүрген азаматтар Алаш зиялыларынан үлгі алса. Бүгін таңда еліміз алдындағы индустриялдық-инновациялық бағдарламаларды орындау үшін ұлттық кадрларды даярлау, заманауи озық ақпараттық технологияларды терең меңгеру мәселесі аса өзекті. Өз заманындағы озық біліммен қаруланып, түрлі кәсіби маман иелері ретінде Алаш зиялыларының осы қырлары зерттелуі сырт қалып келеді. Ұлттың жасампаздық рухын ояту үшін Алаш зиялыларының кәсіби қызметтерін де терең зерттеуге алу қажет. Аз санды Алаш зиялыларының сол бір тарихи сын сағатта шамаларының жеткенінше, өз мүмкіндіктерін сарқа жұмсап, ұлттың мүддесі үшін қарекет жасауға ұмтылуы , әрине, ерлік. Империялық астамшыл патшалық Ресей мен кеңестік Ресейдің билік үшін күресінде өз мүдделерін көтеруге ұмтылуы, қазақ халқының саяси тарихының аса зор маңызды мәселесі. Бұл кезеңнің тарихы тағылым мен сабаққа толы. Тарихтағы аз халықтардың трагедиясы – Алаш қозғалысы кезеңімізден де көрінеді. Мұның бәрі бізге тарихтан сабақ алуға, өткеннен тиісті қорытынды жасай білуге шақырады. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының докторанты А.Ә. Жүнісбаев  тарихтан сабақ алу керек немесе тарих ғылымы объективті зерттелуі тиіс. 1990-жылдары Алаш мәселесінде біз оларды өте дәріптеп жібердік. Қазір мұрағат материалдары ол көзқарасымызды сыни тұрғыдан қарауға итермелейді деген өз ойын білдіріп өтті.

Сөз сөйлеушілер соңынан қызу пікір-таластар басталды. Онда сөз алған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Халықаралық қатынастар және дүниежүзілік экономика кафедрасының доценті Л.Т. Исова өте тартымды дөңгелек үстел болып жатқанын айта отырып, Алаш тарихын жаңа форматта қарау керек деген ойын білдірді. Аталмыш университет кафедрасының тағы бір доценті Ж.Д. Көшербаев «Ең алдымен Алаштың тарихи орнын анықтап алуды ұсынса, ал С.Е. Бекмаханов «өз көзқарасымызды өзгертуге дайын болуымыз керек» деді.

 

Клара Саркенова,

 Сыртқы байланыс, ақпарат

және ғылыми кластер бөлімінің

ғылыми қызметкері